Алматыда 20-21 маусымда қоғамдық көлік жүрмейді

Алматыда 20-21 маусымда қоғамдық көлік жүрмейді

Бүгін ҚР Президентінің тапсырмасын, сонымен қатар ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімін орындау үшін Алматы қаласының әкімі қалалық комиссияның отырысын өткізді. Онда қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қосымша шаралар қабылданды, деп хабарлайды zakon.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Осы орайда Алматыда да карантин режимін күшейту бойынша қосымша шаралар қабылданды. Қала тұрғындарынан көшеде жүруін шектетуін сұраймыз. Әсіресе қарт адамдардың үйде отырғаны абзал. Қауіпі дендеп бара жатқан мына ауруды тұншықтыру өзімізге байланысты екенін естен шығармайық", — деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Бүгінгі күні Алматыда COVID-19 жұқтырған 3217 оқиға тіркелді. Індеттің таралу ауқымын, Алматы қаласы тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтау үшін демалыс күндері (сенбі, жексенбі) – 2020 жылдың 20-21 маусымында қосымша шаралар енгізіледі.

Осылайша, демалыс күндері коронавирус инфекциясының таралу тәуекелінің жоғары болуы мүмкін нысандардың қызметтері тоқтатылады:

- "үйдегі дүкендер" форматындағы филиалдардан өзге ірі сауда желілері (азық-түліктік және азық-түліктік емес);

- базарлар (азық-түліктік, азық-түліктік емес, әмбебап), сауда-ойын сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда үйлері;

- әлеуметтік қашықтықты және санитарлық эпидемиологиялық нормаларды сақтаған көше форматындағы ашық аспан астындағы нысандардан өзге қоғамдық тамақтану нысандары;

- қалалықтар жаппай шоғырланатын орындар, оның ішінде жаяу жүргіншілер аймақтары, серуендейтін көшелер, парктер, скверлер, өзен арналары, жағажай, аквапарктер, алаңдар, балалар мен спорт алаңдары және т. б.

- Алматы қаласы аумағындағы туристік аймақтар;

- фитнес-орталықтар.

Бұдан өзге, 20-21 маусым күндері қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады.

Айта кетерлігі, жұмыстары тоқтаған барлық нысандарға санитарлық-профилактикалық және санитарлық-эпидемияға қарсы шаралар жүргізіледі.

Қосымша шаралардың басты міндеті — коронавирустың таралу тізбегін жою, жаңа жұқтыру оқиғаларының тәуекелін төмендету.

Коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі комиссия қалалықтардан қалада жүруді азайтуды, әсіресе тәуекел санатына жататын қарт адамдарға үйде қалуды ұсынады.

Еске салсақ, эпидемияға қарсы шараларды бұзғандардың жеке жауапкершілікке тартылуы қарастырылған. Полиция қызметкерлері адамдар жаппай жиналатын орындарда жаңадан енгізілген шаралардың сақталуын қадағалау бойынша патрульдік қызметті күшейтетін болады.

Анықтама үшін Open Almaty қоғамдық қабылдау 1308 нөмірі бойынша жұмыс істейді.


Источник: zakon.kz

Поделиться:

Назад в категорию