Ақмолада мемлекеттік органдарды қағазбастылықтан құтқаратын жүйе іске қосылады

Ақмолада мемлекеттік органдарды қағазбастылықтан құтқаратын жүйе іске қосылады

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірдегі мемлекеттік органдарды біріктіретін ақпараттық-сараптамалық жүйе жобасы қолға алынды. 

Бірыңғай жүйеге «Білім», «Денсаулық», «Шұғыл мониторинг», «Әлеуметтік-экономикалық даму мониторингі» сияқты модульдер енгізілген. 

«Жобаның «Шұғыл мониторинг» модулінде полиция департаменті мен төтенше жағдайлар, жедел жәрдем қызметі жұмыс істейді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, ҰБТ, жылу беру маусымына дайындық сияқты жұмыстар да осы модульге кіреді. Аталған жүйе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына талдау жасауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта барлық ақпарат бірыңғай жүйеге енгізілуде. Жаңа жүйе мемлекеттік органдарды қағазбастылықтан арылтып, жұмысты ширатады деген сенімдеміз. Егер қылмыс саны азайса, жасыл түспен, көбейсе қызыл түспен белгіленеді. Бұл басшылардың шешім шығаруына қажет ақпарат», - деді «Smart Aqmola» мемлекеттік мекемесінің директоры Ғалымжан Бежентаев. 

Оның айтуынша, «Әлеуметтік-экономикалық даму мониторингі» салалық ведомство ақпараттарына негізделген. Сараптама жүргізу үшін Пирсон формуласы арқылы білім беру, денсаулық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларына ВІ-сараптама жүргізіледі. Аталған формула «Облыс дамуының көрсеткіштері мониторингі» модулінде де қолданылады. Мәліметтер негізінде он жылға болжам жасалады. 

«Денсаулық» модуліндегі ВІ-сараптама ауру түрлері, туу, өлім көрсеткіштерінің себептерін анықтауға мүмкіндік береді. «Құрылыс мониторингі» модулі бойынша құрылыс алаңындағы жағдайды сол жерге бармай-ақ көруге болады. Әзірге жүйеге екі нысан – салынып жатқан онкологиялық емхана мен тұрғын үй енгізілген. 

«Нысандарға орнатылған камералар арқылы құрылыс жұмыстарын онлайн бақылауға болады. Сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттар, жоспар-кесте, актілер сияқты құрылыстың бизнес-үдерістерін автоматтандыру қарастырылуда. Бұған құрылыс басқармасы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, техбақылау, авторлық бақылау жұмылдырылады. Нәтижесінде бәрі ашық өтеді. Жобалық-сметалық құжаттама жүктелгеннен кейін барлық ақпарат біртіндеп жаңартылады», - деді Ғалымжан Бежентаев. 

Алдағы уақытта тұрғындар үшін арнайы бөлім ашу көзделген. Ол арқылы баспана сатып алатындар құрылыс жұмыстарының қалай жүріп жатқанына бақылау жасай алады. «Мемлекеттік бағдарламалар» модулі бойынша мемлекеттік мекеме қызметкерлері жүргізілген жұмыс туралы барлық мәліметті жүктеп қана қоймай, шаралардың кестесін де көре алады. Мемлекеттік қызметшілер басқармалар мен бөлімдер бойынша өздерінің чаттарын құруына болады. «Өтініш және сауалнама» модульдері тұрғындар үшін қолжетімді, әрі қолайлы мүмкіндік. 

«Жаңа жүйе арқылы азаматтар өз пікірлерін онлайн режимде ашық білдіруге құқылы. Тұрғындар мемлекеттік органға ұсыныстары мен шағымдарын жазып, фото мен аудиожазба жүктей алады. Өтініш иесінің поштасына міндетті түрде жауап келеді. Ведомство басшысы да тұрғындардың сауалдарына кім және қашан жауап бергенін, яғни барлық жазбаны көре алады», - деді мекеме директоры. 

Өтініштер мен сауалдарды арнайы құрылған «Smart Aqmola» мобильді қосымшасы арқылы бақылап отыруға болады. Кері байланыс механизмі «БАҚ мониторингі» және «Әлеуметтік желі мониторингі» модульдерінде жалғасады. 

«Мемлекеттік органдар олардың жұмыстары туралы журналистер мен желі қолданушылардың пікірлерін Ақмола облысымен байланысты тэгтер, кілт сөздер арқылы көре алады. Мониторинг нәтижесі «Фейсбук» пен «Однокласники» әлеуметтік желілерін қолданушылар санының көптігін көрсетіп отыр. Сондықтан да аталған желілермен көп жұмыс жүргізілуі тиіс», - деді Ғалымжан Бежентаев. 


Источник: baq.kz

Поделиться:

Назад в категорию