Асау – Барақ батырлар туралы не білеміз?

Асау – Барақ батырлар туралы не білеміз?

Қазақтың тарихында жалпы жеті Барақ болған деседі. Жетінші ер Барақ деп отырғанымыз - Барақ САТЫБАЛДЫҰЛЫ. 

Ол өзінің ерлігімен жастайынан көзге түсіп, қазақтың тарихында аты қалған белгілі тұлға. Ол тарихи деректерге қарағанда 1743 жылы Үстірттің Сам құмында дүниеге келген. Бұл Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Тұрыш елді мекенінен 12 шақырым жерде. 

Барақ батырдың атағы 18 жасында торғауыт батыры Алакөбікті жекпе-жекте тізе бүктіріп, жеңгеннен кейін шыға бастайды. Барақ – қасиетті лабақ атаның үшінші ұрпағы. Ертедегі көне көз қариялардың айтуына қарағанда лабақ аруақты кісі болған көрінеді. Әсіресе, ұрпақтың азғындамауына аса көңіл бөлген деседі. Сол XVII ғасырда айтқан лабақтың бір ауыз сөзі жазылмаған заң ретінде қалыптасып, әліге дейін мүлтіксіз орындалып келеді. Оның бәйбішесінен тараған төрт баламен тоқалынан туылған бес баланың ұрпағы тоғыз арыс лабақ атанып, бүгінде жалпақ жұртқа жайылып кеткен. Көпшілігі бірін-бірі танымайды. Әйтсе де, баяғы лабақ атасының өсиетіне орай бірінен-бірі қыз алыспайды. Сол лабақ атаның рухына арнап бүгінгі ұрпақтары Алматы облысындағы Қарасай ауданының орталығы Қаскелеңде сәулетті мешіт салған. 

Біз әңгімелеп отырған Барақ батыр лабақ атаның тоқалынан тарайтын үшінші ұрпағы. Тарихтың ескі сүрлеуіне көз жіберсек Барақ батырдың көптеген ерлік істерінің куәсі боламыз. Ол XVIII ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін Шөмішті Табын қолын бастап, Еділ мен Жайық арасында қалмақтармен шайқасқан. 1785-1792 жылдар аралығында Сырым ДАТҰлЫ бастаған Ресей отаршылдығына қарсы күрес сардарларының қатарында болған. Сырымның жақын серігі Барақ батыр үш мыңдық жасағымен Орынбор шебіндегі қамал-бекіністер бойында және қазақ даласына жіберілген патша үкіметінің жазалаушы отрядымен кескілескен шайқастар жүргізген. Оның тегеурінді қарсылық көрсетуімен орыс отаршылдарының зорлық-зомбылығы шектеліп, Жайықтың оң жағалауындағы қазақ жерлерінің сақталып қалуына септігін тигізді. Батыс Қазақстанның отарлануын тежеп, әскери бекіністердің көптеп салынуына жол бермеген.

Асау батыр 

Бірде замандасы, Ұлысқа ұран болған Пір Бекет ата Барақ батырға: «Сенің батырлығың үшінші ұрпағыңа дейін жетеді», - деп болжаған деген де сөз бар. Шынында да Барақтың баласы Асау да, немересі Дәуіт те елдің шетінде, желдің өтінде жүріп бөгденің найзасын шалдырмай, туған жер топырағын қызғыштай қорыған жаужүрек жауынгер, айтулы батырлар болған. Әке қасына жастай ерген Асауды өмірдің өзі ерте есейткен секілді. 1780-1785 жылдары қазақтың болыс, билері мен батырлары орысты қолдадың деп Нұралы ханға қарсы шығады. Ал қазақты қолдаған Айшуақ ханды орыстар Орынбор түрмесіне қамайды. Мұны естіген Барақ батыр тыныш жата алмайды. Жанжаққа хабар жіберіп, күш біріктіреді. Сонда баласы Асаудың қолына ерекше көңіл бөледі. Маңғыстаудан Атақозы, Орал жақтан Сырым батырдың қарулы күштері келіп қосылады. Сөйтіп орыстарды тас-талқан етіп жеңіп, Орынбор түрмесінен Айшуақ ханды аман-есен босатып алады. 

Дәуіт туралы 

Ал Барақтың немересі, Асаудың баласы Дәуіт те аталарының жақсы қасиеттері жастайынан бойына дарыған аруақты жан. Бұл да батырлығымен елге танылған ержүрек ерлердің қатарында аталады. Елдің бірлігін, ағайынның амандығын,  жұрттың тыныштығын, ұрпақтың қайсарлығын, ұлттың ұлылығын тілеп, армандаған. Оның бір ғана ерлігін, бауырмалдығын, ұлтжандылығын айғақтайтын, кәдімгі Ер Қосайдың ұрпағы, от тілді, орақ ауызды жауынгер ақын Қалнияз Шопықұлының бір ғана сөзі ел аузында әліге дейін аңыз болып айтылып жүр. Жау алдына шолғыншы болып кеткен Адайдағы Орамал Қырықмылтық Қарағұл батыр қапыда қалып, жау қолынан қаза табады. Бұл қазаға батырдың жан серігі, әрі туысы Нұрбаулы Қырықмылтық Қожалақ батыр қатты күйінеді. Оған Қалнияз басу айтып, сабырға шақырып, әрең тоқтатады. Сөйтсе 25-30 адамымен Дәуіт батыр анадай жерде оқшауланып, Адайдың жасағына қосылмай бөлек тұрған көрінеді. Сонда Қалекең Дәуіт батырдың қасына шауып келіп, жас арасы алшақ ағасы болса да былай деп толғап тұр екен дейді: 

– Болғанда әкең Асау, атаң Барақ, 

Атағы алты алашқа кеткен тарап. 

Баласы сол ерлердің Дәуіт едің, 

Халқыңның қызметіне туған жарап. 

Қаза боп жау қолынан Қарағұлым, 

Адайдың шалыққанда туы құлап.

Танымас жат кісідей оқшауланып, 

Батыр-ау, тұрғаның ба сенің шыдап? 

Ішінде Дәуіт бар деп сөз қылмай ма, 

Болса да жақсы-жаман хабар тарап? 

Жолы деп Асау-Барақ аруағының, 

Асар тұр туын жықпай сізге қарап. 

Сыйынып атаңыздың аруағына, 

Ерлердің шаппайсың ба басын құрап? 

«Барақ» деп Дәуіт шапса жолды бастап, 

«Бекет» деп Асар шапса қолды бастап, 

Қайыра алмай Адай, Табын кетер ме екен, 

Сүйегін Қарағұлдың жауға тастап? – дегенде атабабасының аруағы желеп-жебеген Дәуіттің делебесі қозып, намыс оты тұтанып, жауатын қара бұлттай күркіреп, ақ алмасы жарқылдап, атойлаған Адайларға – қосыла шауып, қас қағым сәтте баспашыларды ойсырата жеңіп, Қарағұлдың сүйегін жау қолынан алып шыққан екен. 

Дәуіт жастайынан есерлеу, адырлау болып өскен. Сондықтан әкесі Асау «Ақылыңды айтып, көз-құлақ болып жүр» деп Дәуітті Есет батырға тапсырып қояды екен. Содан Дәуіт кез келген шабуылға аттанар алдында Есет батырдың батасын алып кететін көрінеді. Бірде Дәуіт елде жоқта шапқан патша әскерлері малын олжалап, Қалы деген бәйбішесін ат артына мінгестіріп ала кетеді. Ашуланған батыр мың сан қолға жалғыз қарсы шабуды көздейді. Бірақ Есет ақылын айтып, алған бетінен қайтарады. «Қанша батыр болсаң да бір оқтық екеніңді ұмытпа. Еліңе барып, ер азаматтарыңды жина. Айшуақтай ағаңмен ақылдас» дейді. Сөйтіп Айшуақ хан бастаған сарбаздар қақтығыспай, қан төгіспей патша әскерлерінің олжалап кеткен мал-жанын түгел қайтарыпты. Дәуіттің сол бәйбішесі Қалыдан Дәрібай, Алданазар, Бекназар деген үш ұл туылады. Осы үш баладан тараған ұрпақ жалпақ жұртқа жайылып, көпшілігі Қазақстан мен Қарақалпақстанды, Өзбекстан мен Түрікменстанды мекендейді. Жаңаөзен қаласында да отыздан астам Барақ ата ұрпақтарының отбасылары бар. 2007 жылы Жаңаөзенде Асау-Барақтың есімі бір көшеге берілді.

Бабаларға тағзым 

Ұлтымыздың тәуелсіздігі үшін күрескен АсауБарақтың бүгінгі ұрпақтары батыр бабаларының рухы алдындағы перзенттік парызы мен қарызын өтеуді қолға алды. Оған бүкіл Табын әулеті мен Ақтөбенің Байғанин ауданы, Маңғыстаудың Бейнеу ауданының басшылары мен көптеген Адай атаның ұрпақтары атсалысты. Соның нәтижесінде 1992 жылы Бейнеу ауданы Тұрыш елді мекенінен 12 шақырым жердегі Сам құмында Сатыбалдыұлы ер Барақ (17431840 ж.ж.) пен оның батыр ұлы Асауға (1763-1843 ж.ж.) арнап күмбезді кесене салынды. 

Барақтың немересі Дәуіт Асауұлы (1787-1874 ж.ж.) Қарақалпақстан Республикасы Қоңырат ауданының құбыла батысына жерленген. Атшаптырым аумақты алып жатқан үлкен қорым Дәуіт ата есімімен аталады. Кезінде Барақ бабаның өзі «Бесқала өңіріндегі және одан әрі де мекендейтін ұрпақтарым мен қандастарым, жалпы менің рухымнан медет тілейтін жандар арып-ашып, шаршап-шалдығып менің басыма түнеуге келіп жүрмей -ақ, немерем Дәуіттің жатқан жеріне зияраттай берсін» деп аян берген көрінеді. Содан бері «Дәуіт ата» қорымы күллі мұсылман қауымының зияраттайтын қасиетті орнына айналған. 

Осы аруақты да батыр бабалардың бүгінгі ұрпақтары тағы да ел жинап, сауын айтып, алқалы ас беруге қазіргі таңда қызу әзірленіп жатыр. Ол ас ер Барақтың 270, Асау батырдың 250 жылдық мерейтойларына арналып үстіміздегі жылдың 27-29 қыркүйегінде Бейнеу ауданының орталығында өткізіледі деп жоспарланып отыр. Ас белгіленген бағдарлама бойынша 27 қыркүйек күні Асау-Барақ кесенесі қасында садақа өткізумен басталады. 28 қыркүйек күні сағат 10-да ашылу рәсімі болып, одан әрі жергілікті өнерпаздардың концерті, түскі ас, күрес және түрлі спорттық ойындар, Ошақ бәйге, қонақасы, концерт, ақын-жыршылар сайысы сияқты мерекелік шаралармен жалғасады. Үшінші күн, яғни 29 қыркүйекте таңертең Аламан бәйгеге жалғасады. Жарыс жеңімпаздары жыр додасы дүлдүлдерін бағалы сыйлықтар күтіп тұр. 

 Мұратбай ҰЛЫҚПАН,

Жаңаөзен қаласы

Фото ашық дерек көзінен алынды


Поделиться:

Назад в категорию