Биыл баспана шамамен 10%-ға қымбаттауы мүмкін

Биыл баспана шамамен 10%-ға қымбаттауы мүмкін

Биыл елімізде баспана бағасы кем дегенде 10%-ға өсуі мүмкін. Қазақстанның Құрылысшылар одағының мүшелері осындай болжам жасап отыр.

Сарапшылардың пікірінше, қымбатшылыққа доллар бағамының өсуі негізгі себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты жерасты көлік тұрағы сияқты барлық жайлылығы қарастырылған тұрғын үй кешендерінің құрылысы азаяды. Қазір қарапайым халық арасында бағасы қолжетімді баспанаға сұраныс артып отыр. Бұдан былай “7-20-25” бағдарламасы бойынша салынатын эконом-класс пәтерлерін сату әлдеқайда жеңіл болмақ. Болашақта қолжетімді баспананың өзі қымбаттауы мүмкін.

Барлық материал Ресейден, таяу шет мемлекеттерден әкелінсе де, баға өсе бермек. Өйткені бүгінде бәрі доллар бағамына тәуелді. Арматура, кірпіш, бетон мен травертин сияқты материалдарды көбіне сырттан жеткіземіз. Сол себепті, иә, баға шамамен 10%-ға артуы мүмкін, – дейді “Қазақстан құрылысшылар одағы” РЗТБ атқарушы директоры Азамат Қарлығашев.

Мамандардың айтуынша, жылдың бірінші тоқсанында жылжымайтын мүлік нарығында баға уақытша тұрақты болады. Себебі Жаңа жыл мерекесінен кейін сұраныс әдеттегідей бәсеңдейді. Тұрғын үйі қымбат өңірлердің көш басында бұрынғысынша Астана тұр. Статистика комитетінің мәліметінше, былтыр жаңа пәтер құны алдыңғы жылмен салыстырғанда 5%-ға, қайталама нарықтағы пәтерлер құны 7%-ға жоғарылады.

Қаланың ішінде 7 милллион теңгеге ала алмайсыз. 10 миллион теңгеге алуға болады. Сол жағалауда болса, бірінші әрлеу болады. Ал оң жағалауда 9-10 миллионға да алуға болады, бірақ кішкентай пәтерлердің ауданы 30-33 шаршы метр болады. Ең төменгі бағаны алсақ, 200 теңге 1 шаршы метр болады. Ал орташа алсақ, 1 шаршы метрі – 300-330 мың теңге, – дейді сарапшы Ерлан Шыңғожынов.

 

Астананың Алматы ауданында шаршы метр құны – 300 мың теңге. Сарыарқада – 280 мың, ал Сол жағалау саналатын Есіл ауданында 330 мың теңге. Соңғысында бір бөлмелі пәтер бұрын 12 миллион теңге тұрса, бүгінде шағын баспана қосымша 1,5 миллион теңгеге қымбаттағанын аңғаруға болады, – дейді сарапшы Айнұр Молдахметова.

 

Былтыр жаңа ипотекалық бағдарламаға 4000 мыңға жуық азамат қатысты. Қатысушылар санын ұлғайту мақсатында әкімдіктер бюджеттік мекеме қызметкерлеріне 1 миллион теңгенің тұрғын үй сертификаттарын табыс етіп жалғастырып жатыр.


Источник: baribar.kz

Поделиться:

Назад в категорию