Биыл Мұрын жырауға 160 жыл

Биыл Мұрын жырауға 160 жыл

    Мұрын жырау — Тілеген Сеңгірбекұлы (1859 - 1954 ж.) жырау. Қашаған жырау мен Нұрым жыраудың шәкірті, аталмыш жыраулардан Қырымның қырық батыры эпопеясын үйреніп, біздің заманымызға дейін жетіп, қағаз бетіне түсуіне септігін тигізген қайраткер. XX ғ. қазақ ауыз әдебиетінің ең жарқын өкілдерінің бірі.

    Мұрын Сеңгірбекұлы 1859 жылы Маңғыстау өлкесі, Бозащы түбегінде, Қоңырорпа деген жерде туған. Мұрынның әкесі Сеңгірбек өмір бойы ата кәсібі ұсталықпен айналысқан. Қалдықызбен (Қалдыкөз) тұрмыс құрады. Жыраудың ағасы Төлеген дүниеге келген соң көп уақыт балалы болмай, он жылдан кейін дүниеге келген, көптен күткен ұлының атын Тілеген қойған. Жас Мұрынды әкесі жастайынан зергерлікке, ұсталыққа үйретеді.Баланың кішкене кезінен ән-күй, жыр-термеге құмарлығы білінді. Бұны алғаш байқаған анасы болатын. Анасы өзі де әңгімеқұмар кісі болғандықтан, білетін аңыз-әңгіме, өлең-жырларды ырғағы мен мәнерін келтіріп айтып отырады екен.

    XIX ғасырдың 60 жылдары патшалық Ресейдің шығыс аймағында үлкен әкімшілік-басқару реформасы орын алған. 1868 жылы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал губернаторларының далалық облыстарын басқару туралы уақытша ереже» қоданысқа енгізілді. Патшалық империализмнің нәубеті артып, салық артып, халыққа қысым күшейді. Көп ұзамай қалыптасқан ахуалға жауап ретінде 1870-1873 жылдары тарихта "Иса-Досан көтерілісі" деген атпен белгілі Адай руының көтерілісі орын алған. Алайда көтерілістің басы өте сәтті басталғанымен, орыс әкімшілігі көтерілісшілерді басуға шұғыл түрде көмекке Дағыстаннан, Бақыдан (Баку) әскер жіберді. Көтеріліс басып тасталған соң, патша әскері халықты тонауға кіріскен. Осы уақытта Сеңгірбек руластарымен қосылып, Хиуа хандығы қарамағындағы, Қарақалпақ, Түркмен, Өзбек, Тәжік аймақтарына қоныс аударып кетеді. Көшуінің тағы бір себебі, көтерілісшілерге қару дайындаған ұстаға, патша үкіметінің көзқарасы болатын (әрине оң болмасы айдан анық). Босып кеткен елдің халі мүшкіл еді. Бұл кезде болашақ жырау шамамен 12-13 жаста.

    Мұрын кіші кезінен әкесінің ұстаханасында істейтін. Жұмыстан босаған уақытты жан құмарлығын басу үшін жырға арнайтын. Алайда әкесі жас Мұрынды жанында ұстауды жөн көрген. 1875 ж. Он алты жасында жырау Дәметкенге үйленеді. Бір жылдан кейін әкесі қайтыс болады. Бұл жағдайда бүкіл үй іші шаруашылық, ұстахана ісі Мұрынға жүктелген. Дегенмен жан-тәнімен сөз өнеріне берілген жас жырау, әкесінің жылы өткеннен кейін, ұста шаруашылығын ағасына тастап, бір топ ақындарға қосылып ел кезіп кетеді.

    1880 ж. атамекені Бозашы Маңғыстауға оралады. Сол жерде атақты Қашаған ақынмен бес жыл үзеңгілес болады.

    Жырау қырық жасына таянған шағында, 1897 – 1899 аралығында Қарақалпақстан аумағындағы Қожеліде қоныстанады. Бұл жерде ол үлкен қасіретке ұшырайды. Әйелі Дәметкен алты баланы дүниеге әкелген еді. Төрт қыз, екі ұл. Үш қызы әр уақытта шетінеген болатын. Қожеліде бірдей екі ұлы кезекпе-кезек қайтыс болады. Осы оқиға жырауға өте ауыр тиген еді. Қайғыдан жыршылығы мен ел аралауды қойып, көп уақытын ата кәсібі ұсталық пен отбасына арнайды. Туған жері Маңғыстауға көшіп, сол аймақта тұрақтап қалады.

    1899 ж. Мұрын жырау Форт Шевченко қаласына көшіп барады. Тастан (ұлутас) үш бөлмелі шағын үй мен ұста дүкенін салады. Арнайы жиындарда ғана жыр айтады.

    1907 ж. жары Дәметкен дүние салды. Жалғыз қызы Тұрлан екеуі қалған еді. Бірақ көп ұзамай Мұрын Жаншаға (Жансалқам) үйленіп, тұрмысы біршама түзелді.

    1940 ж. Жанша қайтыс болады. Осы кезде жалғыз қызы Тұрлан мен Күйеу баласы Дүйсенбай, қарт жыраудың қоластына көшіп барып, оған демеу болып, көңілін аулайды. Мұрынға жиен немересі Дәуітбайды бала етіп берген.

    1941 ж. А. Хангелдин  «Қырымның қырық батырынан» отыз жеті жыр үзіндісін жазып алғаннан бастап Мұрын жырау Республика деңгейінде таныла бастайды.

    1942 ж. КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы президенті Қаныш Сәтбаев пен тіл, әдебиет және тарих институтының директоры Нығмет Сауранбаевтың Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа Мұрын жырауды шақырту және оған арнайы жағдай жасау хатын жолдайды.

    Мұрын Сеңгірбекұлы 1942 жылдың 11 шілдесінде Алматыға келеді. Біраз тынығып алғаннан кейін филормонияда алпыс шақты кісі алдында «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» жырын айтады. Тыңдаушылар арасында Сәбит Мұқанов, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әбділдә Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов, Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, Нығмет Сауранбаев, Ғабиден Мұстафин, Ахмет Жұбанов, Ғабит Мүсірепов, Әлкей Марғұлан т.б. қазақтың зиялы қауым өкілдері болған. Сол жылы «Қырымның қырық батыры» қағазға түседі. Стенаграфист болып – Мәриям Исаева тағайындалды, ал жырларды – Мәриям Хәкімжанова жазып алып отырды.

    1947 ж. И. Ұйықбаев арқылы Ғылым академиясы қорына өмірбаянының толық нұсқасы мен төрт батыр жайлы жырды жібереді. Сол жылы Мұрынды Республикалық Халық шығармашылық үйі Алматыға шақырады. Көпшілік алдында жырлап, біршама күн Алматыда болады. Осы уақытта оның жырларын жазып алған деседі. Алайда бұл жайында ешқандай қорлар мен мұрағаттарда мәліметтер табылмады.

    1948 ж. 28 сәуірде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Мұрын жырау мұраларын жазып алу, жинау, жүйелеу» туралы жарлығы шығады.

    Мұрын жырау Сеңгірбекұлы 1954 ж. 29 тамызда бір айдай төсек тартқаннан кейін, Форт-Шевченко қаласында өмірден озды. Қала маңындағы Сисем ата зиратында жерленген. Жырау өмірінің соңғы жылдарын домбырасын қолына алып, ноғайлы батырларының ерліктерін дәріптеумен өткізген. Замандас, құрбы-құрдастарымен үлкен жиындарда кездесіп, қалың елге жыр, батырларының ерліктері жайында әңгімелер айтқан еді,

 

 

 


nehabar.kz
Поделиться:

Назад в категорию