Бизнесті онлайн жүйеге қалай көшіру керек?

Бизнесті онлайн жүйеге қалай көшіру керек?

Бүгінде тауарды онлайн сатып алуға сұраныс артып келеді. Оған екі басты себеп бар. Бірі – уақыт үнемдеу, екіншісі – ақша үнемдеу. E-commerce тек жергілікті емес, әлемдік желілерді жаулап алды. Оған Gap, Next, Woolmark, Karen Millen, Gas, FINN FLARE сауда алыптарының онлайн дүкендерді ашуы дәлел. Әлемдік брендтер өзінің оффлайн жұмысынан бас тартып, онлайн сатылымға көшіп жатыр. Мұның бәрі қарапайым бір нәрсеге алып келді – сауданың болашағы электрондық коммерцияда. Сондықтан бизнесін онлайн жүргізуден бас тартқан кәсіпкерлер үлкен тәуекелге барады.

Онлайн сауданың артықшылығы неде?

Біріншіден, қаражаттың үнемделуінде. Қызметкерлер саны азаяды әрі үлкен офисті жалға алудың қажеті жоқ. Сондықтан онлайн дүкендерде тауар бағасы едәуір төмен. Ассортименті бойынша да онлайн сауда оффлайннан кем түспейді. Тауарлар базасын жаңартуды әлдеқайда тез әрі тиімді жүзеге асыруға болады. Тұтынушылардың өтінімдеріне жедел жауап қайтару жылдамдығы артады. Онлайн сатылымда географиялық факторлар да жоқ. Сондықтан онлайн бизнестің ауқымы бір қаламен не бір елмен шектеліп қалмайды.

Бірақ онлайн жобаны іске қосқанда әрбір ұсақ-түйекке аса көңіл бөлген жөн. Майда-шүйде дүниенің бәрін ойластыру керек. Себебі бизнестің сәтті болуы осыған тікелей байланысты.

Сауданы онлайн жүйеге ауыстыру үшін не істеу керек?

  1. Игерілмеген орынды таңдап, анализ жасау

Бұл процесті нарықта белсенді компанияларды мониторингтен өткізуден бастауға болады. Бәсекелестердің болғаны жақсы. Себебі бұл тауарға деген сұраныстың барын дәлелдейді. Бірақ алдымен тар бағыттағы игерілмеген орынды таңдаған абзал. Бәсекелестердің “әскери” әрекеттерінен аулақ боласыз. Нарықтағы тауашаны, яғни игерілмеген орынды таңдай отырып, оның егжей-тегжейлі анализ жасаңыз.

Қазір асүй жасау бизнесі сұранысқа ие. Google trend ресурсынан адамдардың не іздегенін қарай отырып, нақты қандай асүйдің қажеттігін анықтай аласыз. Мысалы, ең танымал сұраныс – кіріктірілген әрі көпбалалы отбасыға арналған асүй. Мұндай деректерді жинақтап мониториг жүргізу керек. Кейін OLX сияқты ресурстардан осы категорияда қызмет көрсететін жиһаз шеберлерін іздестіру қажет. Егер тауарға сұраныс жоғары, ал қызмет көрсетушілер аз болса, бұл игерілмеген орынның мүмкіндіктері зор. Бірақ таңдауыңыз бәсекелестік ортасы жоғары тауашаға түссе, тауар сапасының жоғары болуына көңіл бөлген жөн. Себебі бәсекелестікте талассыз артықшылықтарыңыз болуы керек. Екі жағдайда да бизнестегі бәсекелестерді зерделесеңіз, қосымша артықшылықтар пайда болады. Мысалы, бизнеске қатысы бар басқа да игерілмеген орындарды табуыңыз, тұтынушылар базасын үлкейту үшін тоғыспалы жарнама жасауыңыз мүмкін.

Мен бизнесімді қарапайым қызмет көрсетуден бастадым. Екі жыл бұрын OLX-те жиһаз құрастырушысы болып тіркелдім. Жарты жылда тұтынушыларымның саны айына 50 жаңа контактқа жаңарып отырды. Сөйтіп бизнесімді кеңейтуге бел будым. Қазір командамда 10 адам бар. Біз жиһазды құрап қана қоймай, оны жөндейміз, қайта қалпына кетіреміз. Ресей, Беларусь пен Молдовадан да тауар жеткізумен айналысамыз, – дейді жеке кәсіпкер Руслан Володин.

2. Аудиторияңызды зерттеңіз

Бизнес-идеяны таңдаған соң тауарды сатуға асықпаңыз. Ең алдымен дүкеніңіздің имидж саясатына байланысты мақсатты аудиторияңызды анықтап алыңыз.

Өзіңізді сатып алушының орнына қойып, “Дүкен қандай болады?”, “Тұтынушының идеал портреті қандай?” деген сұрақтарға  жауап беріп көріңіз. Брендіңіздің атауынан бастап бәрін сараптап алыңыз.

Имиджіңізді анықтаған соң қандай өнімді сататыныңызды таңдауға болады. Алдымен қомақты қаражатты қажет етпейтін тауарға назар аударған жөн. Сатылымды бастамас бұрын өнімді тесттен мұқият өткізу керек. Осылайша тауардың әлсіз тұстарын анықтап, тұтынушылар тарапынан алдын ала туындайтын сұрақтарға жауаптарды дайындап қоясыз. Әр кәсіпкер бәсекелестерінің алдында өзінің артықшылықтары мен мақсатты аудиториясының талғамын анық білуі керек. Бұл тұтынушылар үшін бәсекелестікте өзініңіздің позицияңызды анықтауға көмектеседі.

3. Брендті дербестендіру

Брендтің пайда болуын нәрестенің дүниеге келуімен салыстыруға болады. Әр адам – өз алдына бірегей тұлға. Ал бренд неден құралады? Оның бірегейлігін қалай қалыптастыру керек? Бұл сауалдардың жауабы бизнес өскен кезде табылады. Бірақ бұл бағыттағы бірінші қадамдарды әу бастан жасау керек. Мысалы, фирмалық логотип ойластырып, жасау. Лого үшін бас ауыртудың қажеті жоқ. Оның дизайны бірқилы болуы міндет емес. Бәсекелестеріңіздің логосына ұқсамаса болғаны.

4. Сатылым алаңын таңдау

Жеке сайтты құру үшін инвестициялар қажет екенін жас кәсіпкерге білген жөн. Сайтты құрастырып, іске қосу шамамен 1000 доллардан басталады. Ал инвестициялардың есесі біраз уақыттан соң қайтады. Себебі SEO-ға бейімделіп, тұрақты трафик қалыптасқанша біршама уақыт керек. Бірақ бұл мәселені басқа жағынан қарасыруға болады. Жұмыс істеп тұрған, трафигі тұрақталған сайтты пайдалана аласыз. Мысалы, OLX.kz алып-сату алаңының 8 мың бірегей қолданушысы бар. Ол айына 11 түрлі категорияда сатылым жасауға мүмкіндік береді.

Кішкентайымнан қуыршақтарымды сәнді киіндіру ұнайтын. Киімдерін өзім тігетінмін. Есейген соң ағам Үрімшіге жұмыс бабымен көшіп кетті. Ал мен оған жиі баратынмын. Бір күні құрбыларымның бірі маған Үрімшіден киім алып келуімді сұрады. Осыдан мен бұл кішігірім бизнес үшін жақсы идея екенін түсіндім. Сөйтіп Қытайдан тауар алып келумен айналысуды бастадым. Кейін мен жайлы естігендерден жаңа тапсырыстар түсе бастады. Енді онлайн магазин ашу мәселесі туындағанда мен іске қосылған онлайн сауда алаңында жұмыс істей бастадым. Егер бизнесім алға жылжыса – жақсы, болмаса, өзімнің сайтымды ашамын дедім. Жеке сайттың қажеті болмады, ісім оңға басты, – дейді жеке кәсіпкер Лаура Жәкішева.

OLX.kz-тің стратегия және бизнес-вертикаль бөлімінің басшысы Кәрім Богуспаев онлайн сауда платформасында тауар мен қызмет түрлерінің қандай санаттарына сұраныс көп екенін айтты.

Қазір OLX.kz электрондық алаңында 700 000-нан астам сатушы тіркелген. Оның 40% – кәсіпкерлер. Статистикаға сүйенсек, “Қызмет көрсету”, “Электроника”, “Жылжымайтын мүлік” категорияларына сұраныс көп. Ең белсенді әрі дамығандары – “Сән және стиль” мен “Электроника”. Бұл рубрикалардың жалпы сұраныстағы үлесі 30%, – дейді ол.

Айта кетейік, аудитория жинап, қаралымды көбейтудің тез әрі тиімді амалы – жарнама беру.

Жылдамдықтың артқан заманы келді. Тұтынушылармен және сатып алушылармен байланыс орнататын жаңа каналдарды іздеу керек. Ал онлайн сервис мұндай басымдылықпен қамтамасыз етіп, бизнесіңіздің дамуына жаңа импульстер береді, – дейді Office-Expert интернет-дүкенінің бас директоры Қайрат Десупов.

Grey Cardinals агенттігі мамандарының айтуынша, кез келген стартаптың сәтті болуы ұсақ-түйектен басталады. Сондықтан жеке бизнес ашуға жоспарды анық құрып, иллюзияға берілмей, мың ойланып, кешенді түрде кірісу керек.


Источник: baribar.kz

Поделиться:

Назад в категорию