Еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне қанша адам көшті?

Еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне қанша адам көшті?

2018 жылы өңірлік квота бойынша 6 766 азамат оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2018 жылы өңірлік квота бойынша 1 517 отбасын, яғни 6 363 адамды қамту көзделді. Жыл бойы жұмыс күші артылып жатқан өңірлерден солтүстік аймақтарға 6 766 адам қоныс аударды (1 858 отбасы) немесе жоспардан 106%-ға көп, – делінген хабарламада.

“Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша еңбек ресурстарының тұтастығы үшін Үкімет белгілеген аймақтарға өз еркімен қоныс аударған тұлғаларға мемлекеттік қолдау жасау қарастырылған.

ҚР “Көші-қон туралы” заңына сәйкес, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарынан азаматтарды жұмыс күшіне мұқтаж өңірлерге көшіру қарастырылған. Бұл өңірлерде соңғы 10 жылда халық санының жыл сайынғы өсімі 2% болып отыр. Халықтың тығыз орналасуы бір шаршы шақырымға 6,4 адамнан келеді.

Қоныс аударушыларды қабылдап жатқан өңірлерге Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары кіреді.

Өз еркімен қоныс аударғандарға көшіп-қонғаны үшін субсидия беріледі: отбасының әрбір мүшесіне бірреттік өтемақы 35 АЕК (88 мың теңге) көлемінде қарастырылған. Баспана жалдау және коммуналдық қызмет түрлерінің шығынын өтеуге 12 ай бойы 15-тен 30 АЕК-ке дейін (39 мыңнан 76 мың теңгеге дейін) қаржылай көмек беріледі.

Сонымен қатар 2018 жылдан бастап жұмыс берушілерге қоныс аударғандар қатарынан тұрақты жұмысқа қабылданған әр жұмысшы үшін (5 адамнан кем емес) 450 АЕК (1 136 мың теңге) көлемінде субсидия беріледі.

Оралмандар мен қоныс аударғандар арасында жаңа бизнес-идеяны дамытуға бағытталған бастама бойынша жұмыс басталды. Ол үшін бағдарламаға қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 100 АЕК (252 мың теңге) көлемінде мемлекеттік грант беріледі.

Министрліктің мәліметінше, баспанамен қамту мәселесі де қарастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдан бастап жұмыс берушілердің қатысуымен қоныс аударғандар үшін бағдарламаға тұрғын үй алу және оның құрылысы бойынша жаңа механизм енгізілді. Пилот жоба Солтүстік Қазақстан облысында енгізілгеннен кейін қоныс аударушыларды қабылдайтын басқа өңірлерде де жүзеге асыру жоспары бар.

Жаңа механизм алдағы үш жылда дәл осылай қоныс аударған 3 мыңға жуық отбасыны баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.

Қоныс аударғандарды қолдау шараларын кеңейту үшін “Мәңгілік ел жастары –индустрияға!” (“Серпін”) жобасы түлектерінің өз еркімен қоныс аудару құқығына басымдық жасалады.

Зерттеу қоныс аударғандардың жартысынан көбі Павлодар облысына көшкенін – 31%, 27%-ы Шығыс Қазақстанға, 22%-ы Солтүстік Қазақстанға, 16%-ы Қостанай облысына көшкенін көрсетіп отыр.

Қоныс аударушылардың 36%-ы Түркістан облысынан, 28%-ы Алматы облысынан,  15%-ы Жамбыл өңірінен, 13,5%-ы Қызылорда облысынан, 2,7%-ы Маңғыстау облысынан.

Қоныс аударғандардың 48%-ы  немесе 3 265 адам – еңбекке жарамды жастағылар. Оның ішінде 2 208 адам жұмысқа тұрды, тағы 180 адам кәсіпкерлік ісімен айналысып жатыр және 112 адам оқумен қамтылды.


Источник: baribar.kz

Поделиться:

Назад в категорию