КҮЙ АБЫЗЫ

КҮЙ АБЫЗЫ

    Соғыс алдында сонау Орал өңірінен Атырауға мұнайлы аймаққа көшіп келгеннен кейін тағдыр Қамқаның жанұясына қырын карады. Он беске енді шыға бергенінде шешесі, одан кейін көп ұзамай бар тауқыметті мойнымен көтеріп, төрт құлыншағын адам қатарына қоссам деп құдайдан тілеп жүрген әкесі өмірден өтті. Кешегі бір шаңырақтың астынан өріп, ел қатарлы түтін түтетіп отырған жанұяның көзді ашып-жұмғанша астан-кестеңі шықты. Інілері мен сіңлісі Махамбеттегі нағашыларының қолында қалды да, жоғарғы сыныпта оқитын Қамқаны Атыраудағы жетім балалардың үйіне орналастырды.

    Мектепті бітіріп ана жақта жаутаң көз болып жүрген тумаластарымды қасыма алып, жұмыс жасаймын деген мұның арманын кенеттен келген соғыс бұзды.

    Қаладағы Жамбыл атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін көп ұзамай әскери комиссариаттан шақыру келіп, әскер қатарына алынатындықтарын айтты. Әлі есінде, кіл өрімдей 18-ге жаңа толған 170 қыз қалалық комсомол комитетінің қабылдауында болғаны. Өзіне біткен бірбеткей мінезі ме, әлде қамқоршысыз артта қалып бара жатқан тумаластарының күні ертең не бола¬ды деген аяныш сезімі ме, әйтеуір сонда комсомол комитетінің хатшысы Егоров дейтінге тура қарап:

    - Қамқоршысыз жетімдерді артқа тастап соғысқа кетіп бара жатырмыз. Бізсіз соғыс аяқталмай ма? — деген еді.

Сонда хатшы қинала тұрып, жетімдер үйіне орналастырылған ол балалардың қараусыз қалмайтынын ай¬тып, сәт-сапар тілеген. Сол 1942 жылдың 25 шілдесінде Атыраудың вокзалында он төртке жаңа толған сіңілісі Мәулен мойнынан тас қылып құшақтап айрылмай ағыл-тегіл жылап шығарып салған.

    Бұл болса кішкене екі інісі Аманкелді мен Бақайға бас-көз болуды шегелеп тапсырумен болды. Арасында көз жасын төге берген сіңлісіне ұрсып та ала¬ды. Тағдыр жазып елге қайта оралғанда қос інісінің алдынан жүгіріп шыға алмайтынын бұл сонда қайдан білсін? Бұлардың әулетінің жібін жалғар қос інісі бұл келгенде «Жеткен жеріміз осы болды ғой, апа» дегендей боп, қос төмпешік болып жатты. Қиыр Шығысты бетке алып боздай жүйткіген поезд бұларды сонау Уссури тайгасына әкеліп бір-ақ тоқтады. Ит тұмсығы өтпейтін қалың тайганың ортасындағы алаңқайға орналасқан авиациялық бөлімде бұлардың екінші өмірі, соғыс өмірі басталған еді. 1-ші Қиыр Шығыс майданының қарамағындағы 583-ші авиақоймада кешегі өрімдей қыздар әртүрлі салмақтағы бомбаларды, пулемет оқтарын реттейтін, ұшаққа тиейтін. Химиялық бомбалардан зиянды сұйықтардың ағып кетпеуін бақылайтын. Бірақ сол Қиыр Шығыста болған 3 жыл 4 ай ішінде ол химиялық бомбаларды бұлар бір де бір рет пайдаланған жоқ. Өйткені халықаралық заң рұхсат етпеді. 

    Соңғы кезеңдері Квантун армиясына қарсы түнгі бомбалауға қатысты. Алда отырған ұшқыш белгі бергеннен кейін бұлар арнаулы тетіктерді қосып, бомбаларды босататын. Тас қараңғы түнде нысанаға дәл тиіп, қып-қызыл өрт құшағына оранған жау объектілерін көрсетіп, «Молодец, Қамқа» деген ұшқыштың  даусы олар үшін жоғары сыйлық еді. Көп ұзамай бірінің соңынан бірі келіп қонып жатқан ұшқыштар түгенделгенше жүректері өрекпумен болады. Бірге жүрген Зәйда, Сағида, Қамқаның, басқа қыздардың бірін-бірі күтіп тұрғандары. Аман-есен қауышқаннан кейін жаңағы қатер бір сәт естен шығып, сыңғырлай күліп бара жатады. Осылай жүріп соғысты да аяқтады. Жоғарғы Бас Қолбасшының алғысы да, «Жапонияны жеңгені үшін» медалі де сол жылдардың босқа кетпегенін, өрімдей жас қыздардың Отаны үшін жа¬нын шүберекке түйіп, көкке самғаған ерліктерінің белгісі еді. Қайта оралу маңдайларына жазбай Қиыр Шығыстың батпақты орманында ұшақпен бірге құлап, мәңгілікке жерленгендер қаншама! Мәуленнен анда-санда келген хаттардан орны толмас өкінішті, бір мұңды байқайтын. Жанын жаралағысы келмеген бауыры інілерінің өмірден өткенін жасырумен болыпты. Елге келгеннен кейін білді ғой бәрін.

    1945 жылдың 11 қарашасында босап, туған жерге келді. Ембідегі мұнайшылардың ғылыми-зертгеу лабораториясына жұмысқа келді. Соғыс алдында обкомның хатшысы болған Қарымсақов Сапар сол ұжымда басшы екен. Сол кісі бөлім меңгерушісі Надежда Анд¬реевна Моргацкаяны шақырып алып:

    - Мына қызды қарауыңа аласың. Соғыстап оралған беті. Қызметке үйрет, дегенінде, әлгі әйел: 

    - Кешіріңіз, мен қазақ қыздарын жұмысқа ала алмаймын. Қаншасын алдық, үйреттік. Бірақ көп ұзамай-ақ біздің жұмысқа шыдамай кетіп қалады, - деді. Ол шығып кеткесін екеуден екеу қалғасын Сапар ағасы: 

    - Көрдің бе, қызым, осы жерде 200-дей адам істейміз. Соның екеуі ғана қазақ. Мен, сосын кадрлар бөлімінің бастығы. Мен қайта тапсырма берем, ұятқа қалдырма, - деді. Сонда Қамқа:

- Ағай, өзімді де, сізді де жерге қаратпаспын, істеймін, - деп уәдесін берді. Мұның мұнай саласындағы қызметі осылай басталып еді. Қолына алғаш тиген «Начинаю¬щий лаборант» атты кітабын қолынан тастамай, өзі істеген қызметтің қыр-сырын меңгеруге тырысты. Иә, ол сөзінде тұрды. Өз ісін жете меңгерген қызды арты¬нан «Казнефтеразведка» тресіне жоғарылатып, аға ла¬борант етіп алды. Он жыл өмірі сон¬да өткен. 1965 жылы Өтесінов білгір маманды Маңғыстауға шақырды. Түбек төсінде ол бармаған, оның қолы тимеген жерлер бар ма екен? Жолсыз, күйсіз, шаңға бөгіп, аязға тоңып өткен жылдарын Қамқа апай қазір сағынышпен еске алып отырады. Тіпті басқасын былай қойғанда анау Қарақия ойпатында, Үстірт жонынан жүздеген шақырымды артқа тастап, азық-түлік алуға кел¬генде өз жерінде бой көтерген осы қалаға «жабық қала» деген желеумен кіргізбеген күндер де өткен еді. Қарақия ойындағы бұрғылау қондырғысының өнімдерін «құпия бөлімнің» өкілдері келіп қайта-қайта тексеретін. Бұл сонда уранның тек осы ойда ғана емес, анау керіліп жатқан даланың үлкен аумақты жерінен кездесетінін әлгілерге айтушы еді.

    Бірақ сол еңбектері зая кетпепті. 1975 жылы «Қазақстанға еңбегі сіңген геолог» атағы берілді. «Қазақстан мұнайына 100 жыл» төстік белгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер. Жасы келсе де әлі тың. Мектеп оқушылары, студенттер шақыра қалып, әңгіме тиегін ағытқанда артта қалған қиын да қызықты өмір жолдарын сыр қылып шертеді. Алдында отырған жастардың алаңсыз жүзін көріп, қасіреттің ауылы алыс болғай деп тілеумен келеді.

    Соғыс ардагері, белгілі мұнайшы Үмбеталина Қамқа Жаниярқызы жөніндегі шағын сырымыз осы еді.

    Көшбайұлы Отыншы

2001  жылдың 3 мамырындағы «МұнайИнформ» газеті

 


nehabar.kz
Поделиться:

Назад в категорию