Ломбард-банктер төтенше жағдайда айыппұл мен өсімпұл сала алмайды

Ломбард-банктер төтенше жағдайда айыппұл мен өсімпұл сала алмайды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 13 наурызда жедел штабтың отырысында берген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде, төтенше жағдай режимінің әсерін жұмсарту үшін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп қаржы жүйесінің тұрақтылығын және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін әзірледі, деп хабарлайды zakon.kz.

Бұл туралы бүгін Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова ҚР Үкіметінің отырысында "Төтенше жағдайдың енгізілуіне және әлемдік қаржы нарықтарындағы ахуалдың өзгеруіне байланысты макропруденциялық реттеудің уақытша шаралары туралы" деген баяндамамен сөз сөйлеген кезде хабарлады.

Бірінші шара қаржы жүйесінің тұрақтылығына бағытталған.

"Қазіргі уақытта Қазақстан қаржы жүйесіндегі жағдай тұрақты. Шоғырландырылған негізде екінші деңгейдегі банктердің үздіксіз қызметті қамтамасыз ету және банктік қызметтердің толық тізбесін көрсету үшін меншікті капиталы мен өтімділігінің едәуір қоры бар. Банктердің салымшылары үшін тәуекелдер жоқ. Активтер сапасын тәуелсіз бағалау нәтижелері бойынша реттеушілік минимумға қатысты k1 капиталы жеткіліктілігінің асып кетуі түзетулерді ескере отырып 70%-ды құрайды. Агенттік банктердің тауар және қаржы нарықтарындағы әлеуетті күйзелістерге орнықтылығын анықтау үшін жүйелік деңгейде және банктер бойынша жеке алғанда банк жүйесін стресс-тестілеу жұмысын жүргізуде", - деп хабарлады қаржы реттеушісінің басшысы.

Ағымдағы жылғы 30 наурызға дейін активтердің сапасын тәуелсіз бағалау нәтижелері бойынша банктердің түзету іс-қимыл жоспарлары қабылданады. Бұл ретте, өзгерген экономикалық жағдайларды назарға ала отырып, 2020 жылғы 1 қазанға дейін провизияларды есептеу тәсілдерін қатаңдататын бірқатар реттеушілік шараларды енгізу кейінге қалдырылады, - деп атап өтті М. Әбілқасымова.

2020 жылғы 1 сәуір – 1 қазан аралығында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан бизнесін кредиттеу деңгейін төмендетуге жол бермеу бойынша шаралар қабылдайды.

"Ағымдағы жылғы 1 сәуір – 1 қазан аралығында Қазақстан бизнесін кредиттеу деңгейін төмендетуді болдырмауға бағытталған пруденциялық реттеудің уақытша шаралары қабылданатын болады. Бұл реттеу шараларының контрциклдық сипаты бар және олар банктердің капиталы мен өтімділігіне қысымды төмендетуге бағытталған", - деп атап өтті Агенттік басшысы.

Ол үшін Агенттік бизнесті қолдаудың, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде жобаларды қаржыландырған кезде тұрақты кепілдер тізбесін кеңейтеді және ШОБ, МЖӘ кредиттері және синдикатталған кредиттер бойынша төмендетілген тәуекел-саралауды енгізеді. Сонымен қатар төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қарыз бойынша төлемді кейінге шегеру реттеушілік талаптар бойынша құнсыздану мен провизиялауды талап етпейді.

Бұл нормаларды қолдану экономиканы кредиттеу үшін 168 млрд теңге мөлшерінде меншікті капиталды қосымша босатуға мүмкіндік береді.

"Банктердің өтімділігін сақтау және тұрақты қорландыруын қолдау үшін өтімділігі жоғары деп танылатын активтер тізбесі кеңейтіледі. Сонымен бірге банктердің валюталық тәуекелдерін төмендету үшін ұзақ валюталық позиция лимиті және нетто-валюталық позиция лимиті төмендетіледі" - деді М. Әбілқасымова. - Қор және сақтандыру нарықтарының субъектілері үшін кері РЕПО операциялары бойынша тәуекел-саралау коэффициенттері төмендетіледі. НҚА-ға тиісті түзетулер дайындалды және ағымдағы жылғы 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі. 2020 жылғы 16 наурыздан бастап Агенттік банктерге халықтың жаңадан тартылатын теңгемен депозиттері және қолданыстағы жинақ депозиттері бойынша ставкаларды ҚДКҚ барынша ұсынған ставкалардың өзгерістеріне барабар арттыруды ұсынады".

Қазақстанда жеке тұлғалардың тұтынушылық қарыздары бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен кезде сыйақы есептеуге тыйым салуды енгізеді

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Үкіметтің а.ж. 24 қаңтардағы кеңейтілген отырысында берген, кепілсіз тұтынушылық кредиттеудің шамадан тыс өсуіне жол бермеу бойынша тапсырмасын іске асыру шеңберінде, төтенше жағдай кезеңінде және бұдан әрі заңнамалық деңгейде жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен кезде сыйақы есептеуге тыйым салу енгізіледі. Бұл туралы бүгін Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова ҚР Үкіметінің отырысында баяндама жасаған кезде хабарлады.

"Жеке тұлғалардың кредиттік тарихын қалпына келтіру үшін, 50%-дан астам мерзімі өткен берешекті 12 айда өтеген және міндеттемелерді кейіннен орындаған жағдайда қарыз алушы үшін жағымсыз кредиттік тарихты түзету бойынша мүмкіндік көзделеді" - деп хабарлады М. Әбілқасымова.

Қаржы реттеушісінің басшысы коронавирусқа байланысты халық пен бизнеске борыштық жүктеменің өсуін азайту шаралары туралы айтып берді.

2020 жылғы 16 наурыз – 15 сәуір аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне және экономиканың жекелеген салаларына қатысты шектеу шараларының қолданылуына байланысты халық пен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық жай-күйінің нашарлауына жол бермеу жөнінде қосымша шаралар қабылдау қажет. Бұл туралы бүгін Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова ҚР Үкіметінің отырысында баяндама жасаған кезде хабарлады.

Агенттік екінші деңгейдегі банктермен және кредит нарығының басқа да субъектілерімен, сондай-ақ "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" ЗТБ-мен бірлесіп мынадай шаралар қабылдауды ұсынады.

"Біріншіден, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 359-бабына сәйкес кредит бойынша міндеттемесін орындамаған қарыз алушы бой бермейтiн күш мән-жайлары, яғни төтенше және тойтаруға болмайтын мән-жайлар болған кезде мүліктік жауапкершілік атқармайды. Мұндай мән-жайларға төтенше жағдай режимінің енгізілуі жатады" - деп хабарлады ол.

"Соған байланысты, жеке және заңды тұлғалардың қарыздары мен микрокредиттері бойынша төлемдер мерзімінің өтуі төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты туындаған кезде айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмеуге тиіс. Бұл норма жеке және заңды тұлғаларға банктер ғана емес, ломбардтарды және кредиттік серіктестіктерді, сондай-ақ қарыз беретін барлық кредиторларды қоса алғанда, барлық микроқаржы ұйымдары берген қарыздарға қолданылатын болады. Екіншіден, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабының 3-тармағына және "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының 6-тармағына сәйкес кредиторлар шарт талаптарын қарыз алушы үшін жақсартқан жағдайда оларды біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы. Осыған орай, банктер және микроқаржы ұйымдары төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қаржылық жағдайы нашарлаған дара кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілеріне негізгі борыш пен сыйақыны қоса алғанда, төлемдер мерзімін 90 күнге дейінгі мерзімге кейінге қалдыру жұмысын жүргізуге тиіс" - деп қорытындылады М. Әбілқасымова.

Банктер мен кредит нарығының басқа да субъектілері аталған шараларды халық пен бизнеске қолайлы болу үшін барынша қашықтан қатынас жасау нысанында іске асыру үшін қарыз алушылармен өзара іс-қимыл жасаудың тәртібі мен тетіктерін айқындайды.

Агенттік Үкіметпен бірлесіп мемлекеттік бағдарламалар – Қарапайым заттар экономикасы және Бизнестің жол картасы-2020 шеңберінде экономиканы кредиттеуді қолдау шараларын пысықтауда.

Агенттік қаржы нарығындағы ахуалға күшейтілген мониторингті жалғастырады және көрсетілген шараларды іске асыруға бақылауды қамтамасыз етеді.


Источник: zakon.kz

Поделиться:

Назад в категорию