Нұрсұлтан Назарбаев браконьер қолынан қаза тапқан инспекторды наградтады

Нұрсұлтан Назарбаев браконьер қолынан қаза тапқан инспекторды наградтады

Нұрсұлтан Назарбаев “Охотзоопром” кәсіпорнының инспекторы Петр Ницык пен оның қайтыс болған әріптесі Ерлан Нұрғалиевті ІІІ дәрежелі “Барыс” орденімен марапаттады. Тиісті жарлық Ақорданың сайтында жарияланды.

Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін ІІІ дәрежелі “Барыс” орденімен наградталсын: Ницык Петр Алексеевич – Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің “Охотзоопром” ӨБ” РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы; Нұрғалиев Ерлан Балғабекұлы (марқұм) – Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің “Охотзоопром” ӨБ” РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, – делінген Президенттің Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы жарлығында.

Еске салайық, 13 қаңтар күні Қарағанды облысы аумағында “Охотзоопром” өндірістік бірлестігі” кәсіпорнының инспекторлары Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкқа киік атып алған браконьерлер шабуыл жасаған еді. Ерлан Нұрғалиев ауыр соққыдан қаза тапты.

Әріптестері Ерлан Нұрғалиевтің кәсібіне адал, жауапты әрі табиғат қаскөйлерімен ымырасыз күресетін маман екенін айтты. Ол Нұра ауданындағы саны азайып бара жатқан жануарларды қорғауға өлшеусіз үлес қосты. Ауылдастары марқұмның құрметіне арнап оның бюстін орнатқалы отыр.

Браконьерлерге жасалған шабуыл дерегі бойынша күдікті ретінде үш адам Қызылордадан ұсталды.        


Источник: baribar.kz

Поделиться:

Назад в категорию