ҚОЖАКЕЛДІ БАТЫР: "Қайткенде топтан торай шалдырмаймын, елімді жауға алдырмаймын"

ҚОЖАКЕЛДІ БАТЫР:

Шоңай ҚОЖАКЕЛДІ Тоқсанбайұлы – осыдан 250 жыл бұрын өмір сүрген, халық арасында аты аңызға айналған халық батыры. Қазіргі Маңғыстау ауданы, Жыңғылды елді мекенінде туып өскен.


Батырдың өмір сүрген уақытында Маңғыстау қазақтары мен Хиуа хандығына бағынышты түрікмендер арасында жер, мал, жесір дауы, барымта, қақтығыс өршіп тұрды. Киелі әрі қасиетті Маңғыстау өлкесінен шыққан халық бахадүрлерінің жасаған ерліктері хатталып, қағаз бетіне түспесе де, даланың ауызша тарихнамасында «тайға таңба басқандай» анық айтылып, ұмытылмай атадан балаға мұра болып жетіп отырғаны анық. Осындай қансұрапыл сәттерді көзімен көрген Қожакелді бес қаруын ерте асынып, ат жалын тартып мінді. Қазақтың білікті азаматтары Ұланақ-Жыңғылды жеріне ту тігіп, түрікменнің Құтты СЕЙІТ ханын бітімге шақырады. «Құтты Сейіт өзін Ұланақ жерінде күтіп отырған қазақтармен жүздесетін уақытын Атажанның ақша атымен Хиуаға хабарлап, әскер жіберуін өтінеді. Көзге түспеу үшін түрікмендер Орпаның тұсындағы ақ таудан құлайды. Олар тау асуларында қазақ әскерлерін көп заялапты». (Нұралы Қазақбаев. «Өмір іздері»). Түрікмендерді күтумен шыдамы таусылған, жауды 54 рет шауып, бойына бірде-бір рет оқ дарытпаған Ер ТӨЛЕП (1756-1832) пен АТАҒОЗЫ (1704-1794) батырдың жасақтары тарап кетеді. Қожакелді бітімді аяқ-асты қалдырғысы келмей, қасына баласы ОЖЫМПАЙ, інісі ЖАРЫҚты алып, шағын жасағымен түрікмендерді күтіп отырады. Қазақтардың жағдайынан «елдің елу құлағынан» хабардар болып отырған Құтты Сейіт түрікмендермен біріккен Хиуа хандығының әскерін басқарып, тосын жерде Ұланақтағы қазақтарға шабуыл жасайды. «Осы қайғылы оқиғаның тірі куәгері ретінде ел ауызында қалған «Жау жолы» Ұланақ жерінде әлі күнге дейін сақталып тұр» деп жазады Сәбет НҰРМАҒАМБЕТҰЛЫ.

Тұтқиылдан шабуыл жасаған түрікмендерге қарсы қазақтардың көбісі жаяу, көбісі ат үсті арпалысады. «Қожакелді батыр- дың шайқаста астына мінген тұлпары туған ағасы, атақты мырзалардың бірі Шоңай ДАҢның «Қара ала» аты екен. Тұлпар кейінірек Даңның баласы РАЙға қалыпты» (Ақшұқыр ауылының тұрғыны, еңбек ардагері, Шоңай Қожакелді батырдың інісі Жарықтың (18 ғасырда өмір сүрген, жатқан орны белгісіз – авт.) тікелей ұрпағы Үйсімбайұлы ХАСЕН (1928 жылы туған) ақсақалдың деректерінен) Қазақтар мен түрікмендердің айқасы қатты болып, ерлікпен соғысқан сегіз арыс Адайлар аз болғанымен сегіз арыс Сейілхандарды көп шығынға ұшыратады. «Ұланақтағы БЕКБАУЛЫ ата зиратындағы көп қырғын Қожакелді батыр мен баласы Ожымпайдың қолынан қаза тапқан түрікмендердің бейіті екен» деп түйіндейді Сәбет Нұрмағамбетұлы.

Қақтығыстың нақ ортасында қалған Қожакелді «өзім өлсем де артымда кегімді алатын ұрпағым қалсын» деп, түрікмендерді жер құштырып жүрген Ожымпай мен Жарықты Қара ала атына мінгестіріп, айқас алаңынан шеттейді. Тұлпардың үш бірдей адамды көтермесіне көзі жеткен Ожымпай:

-Әке, жау жақындап қалды, енді не істейміз? – депті.

Қожакелді батыр:
-«Бала белде, қатын жолда». Ал, туысты, ата-ана енді туып бермейді. Атасы бөлек аттан түс, атасы бірге атқа мін! – дейді. Аталы сөздің өте орынды жерде айтылып отырғанын түсінген Ожымпай:

- Е, олай болса түсеміз ғой, - деп Ұланақтағы аласа ақ тауға жетпей қалыңдау келген шидің ортасында қалып қояды. Ожымпайдың ерлігі мен сұлулығына таңырқаған түрікмендердің бірі:

- Бұл Адайдың күшігін тірілей маған беріңдер, құлдыққа сатайын! – деп қолқа салады.
Түрікмендердің қолбасшысы біраз ойланып тұрып:

- Сыншы ағамызды шақыр, сол кісі рұқсат етсе, қолыңды қақпаймын – деп жауап береді. Сыншы көзі оттай жанып тұрған Ожымпайға қарап: - Япырмай, мына баланың екі иығында екі қара бүркіт отыр. Көзі менің желкемнен өтіп барады. Өлтіріп тынбасаңдар түбінде тұқымымызды құртады, - деп шешімін айтады. Түрікмендер 20 жасар Ожымпайдың басын шауып, беліндегі қанжары мен қару-жарағын алып кетеді. Қожакелді Жарықты «Қаратұранның Жарығы» аталып кеткен Жыңғылды жеріндегі өңірге қалдырып келіп, баласының шабылып жатқан басы мен өлі денесін көріп қатты қайғырады. Көзіне қан толған Қожакелді батыр:

- Адайдың ары мен намысы үшін баламның кегін жібермеймін!- деп, жаудың артынан қуып жетіп, Жыңғылдының оңтүстігіндегі «Қызылқора» өңірінен Еңселі тауының астындағы жазықтыққа дейінгі аралықта атқанын атып, атпағанын көк сүңгілі найзасымен шаншып, түрікмендерді қырады. Дей тұрғанымен, «жалғызға жау жағадан табылар» дегендей, тұлпары тышқанның илеуіне сүрініп құлап, Қожакелді батыр түрікмендер қолынан қаза табады. «Атақозылар жау қолына түспей құтылып кетеді. Бірақ, кейінде Құтты Сейітті аңдып жүреді. Бірде Оңдының алдынан Атақозы үш аттының ізін көреді, екеуі Шетпеге қарай жүреді де, біреуі Сәубетке қарай жүреді. ... Ізге түсіп келіп, ұйықтап жатқан Құтты Сейіттің үстінен шығады. Хан Атағозыға: «Жарылқасаң жаниенің қасындамын, өлтірсең қарағанды сайдың басындамын», - дейді. Атақозы найзамен шаншып кетеді».

Атақозы Қожакелдінің жауға кеткен кегін түрікмендердің ханы Құтты Сейіттің көзін біржолата құрту жолымен қайтарыпты.
Қожакелді қазақтың елін, жерін жауларынан білектің күшімен, найзаның ұшымен, ақылдың шынымен қорғауды өмірдегі бар мұраты, басты мақсаты тұтқан батырлардың бірі. Түрікмендермен татулық әрі ынтымақтастық қатынас орнатуда жанын қиған тарихи тұлға. Батырдың ерліктері мен қайырлы қызметтерін ескеріп, ШОТАН (1705-1786), Атағозы (1704-1794), Төлеп (1756-1832), АЙБАС (1725-1802), ЕСЕК (1690-1766), ШАБАЙ (1768-1846), Рай (Даңұлы, 18-19ғ.ғ.) батырлармен қатар атағанымыз жөн.


Қожакелді батыр Маңғыстау қазақтары тарихында тиісті орнын алды десек еш әбестігі болмас. 2000 жылы 250 жылдық мерейтойы өткізіліп, ата әруағына арналып ас берілді. Батырды мәңгілік есте қалдыру мақсатында ұрпақтары Еңселі тауының астындағы бейітіне үлкен ескерткіш орнатты. Бірақ, Қожакелді батырдың ерліктері турасында айтар болсақ, әлі де «әттеген-айларымыз» аз емес. Өйткені, «...қалмақпен, орыспен, Хорезм хандығымен соғысқан Атағозы, ҚАРМЫС, Төлеп, Шабай, ҚОНАЙ, ЖАНҰЗАҚ, БАЛУАНИЯЗ, Айбас, Шотан, Қожакелді, т.б. батырлардың еңбектері мен халқын қорғаудағы үлгілері дастарқан басы әңгімесі күйінде қалып отыр». (Ізбасар Шыртанұлы. «Текті тұлғаның тұнбасы»). Соған байланысты, батырдың ерлік істерін ұрпақ алдына өнеге тұтқызу үшін төмендегідей игілікті істерді атқарғанымыз жөн:

- Қожакелді батыр туралы тарихи деректерді, аңыз-әңгімелерді жинап, саралап кітап шығару;

- Қожакелді батыр есімін Жыңғылды ауылының бір көшесіне беру.

Сөз соңында осынау игілікті істер алдағы уақытта орындалып қалар деген үмітпен мақаламызды батырдың «Қайткенде топтан торай шалдырмаймын, елімді жауға алдырмаймын» деген соңғы түйінді сөзімен аяқтағанды жөн көрдік.

Артур САЛПЫҚОВ


Поделиться:

Назад в категорию