Телеграмм-бот және mGov.kz қандай мемлекеттік қызметтер көрсете алады

Телеграмм-бот және mGov.kz қандай мемлекеттік қызметтер көрсете алады

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазір реестрде бар 752 мемлекеттік қызметтің 506 түрін электронды форматта алуға болады. Электронды қызметтер үлесі жыл өткен сайын өсе бермек, 2020 жылы оның үлесі 90%-ға жетуі тиіс.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, цифрлық қызметтерге деген қызығушылықтың артуына байланысты ХҚО-ларда мобильді азаматтар базасына тіркелетін арнайы секторлар ашыла бастады.

"Бүгінде әркім өз уақытының қаншалықты қымбат екенін жақсы біледі. Халық баяғыдай жай бір анықтама үшін ХҚО-ға барып, кезекте тұрғысы келмейді. Қоғам алға ілгерілеуде, сол себепті Телеграмм-бот және mGov.kz сияқты мобильді қосымша құралы өз пайдасын тигізуде. Азаматтар тек бір рет қана ХҚО-ға келіп, өз ЖСН-ін (ИИН) телефон нөміріне "байлап" қойса болды. Одан кейін азаматтар барлық керек анықтамаларын смартфонын ашып, Телеграмм-бот немесе mGov.kz қосымшасы арқылы ала алады", - дейді Оспанов.

Дәл қазір Телеграмм-ботта (@EgovKzBot) мемлекеттік қызметтің 24 түрі қолжетімді. Оның ішінде мекенжай анықтамасы, зейнетақы, психо және наркодиспансердің анықтамалары, сондай-ақ онлайн-кезектерге тұру, үйге дәрігер шақыру сияқты көптеген қызмет түрлері бар.

mGov.kz қосымшасында қазір білім беру, отбасы, жылжымайтын мүлік, денсаулық сақтау сияқты салаларға қатысты 90 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Айта кетсек, 2018 жылы mGov.kz қосымшасы 1,3 млн рет жүктелген.

Электронды қызметтер қатарының көбеюімен бірге мемлекеттік корпорация халықтың жалпы цифрлық сауатын арттыру мақсатындағы шаралар өткізуде. Республика бойынша ХҚО-лар жаңартылып, өзіне өзі қызмет көрсету секторларының аумағы 60%-дейін кеңейтілуде. Сол аймақтарда кеңесшілер халыққа электронды үкімет порталын өздігінше пайдалануды үйретіп келеді.

2018 жылы цифрлық ХҚО-лар Қазақстанның 16 қаласында ашылды. Сондай-ақ мемлекеттік корпорация қызметкерлері ЖОО-лар, халық көп жиналатын жерлер мен өзге ұйымдарға шығып, азаматтарды үйретіп келеді.

Бүгінде 8 миллионнан астам қазақстандық электронды үкіметпен өз бетінше жұмыс істей алады.

Сонымен қатар, азаматтарға арналған үкімет қызметкерлері әкімдіктердегі 3,5 мыңнан астам тренерлерге арнайы сабақ өткізді, ал олар өз кезегінде egov.kz порталын пайдалану машықтарын 686 мың азаматқа үйретті.

 


Источник: zakon.kz

Поделиться:

Назад в категорию