Түркістанда әлемде теңдесі жоқ халықаралық деңгейдегі туристік кешен салынып жатыр

Түркістанда әлемде теңдесі жоқ халықаралық деңгейдегі туристік кешен салынып жатыр

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қаладағы құрылыс алаңдарын аралап, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында "Sembol construction" түрік компаниясы қолға алған "Керуен-сарай" көпфункционалды туристік кешен құрылысшыларымен кездесті, деп хабарлады Отырар.

Шетелдік инвесторлар жан-жақты көрсетіліп жатқан қолдау үшін аймақ басшысына алғыстарын айтты. Өмірзақ Естайұлы Түркістанның дамуына үлес қосқан құрылысшылар еңбегінің елеулі екеніне тоқталды.

"Түркістан қаласында ірі жобаны жүзеге асырып, шаһардың дамуына үлкен үлес қосып жатқан сіздердің еңбектеріңіз елеулі. Бұл жұмыстардың ауқымы кең, өте күрделі. Белгіленген кестеге сәйкес жүріп жатқанын көріп тұрмын. Ол үшін сіздерге айтар алғысым ерекше. Жұмыс барысында қандай да бір мәселелер туындап жатса, біз өздеріңізге көмек қолын созуға әрқашанда дайынбыз", - деді облыс әкімі.

Құны 39 млрд теңге тұратын әлемде теңдесі жоқ халықаралық деңгейдегі туристік кешенде заманауи қонақ үйлер, шығыс базары, мейрамханалар іске қосылып, жасанды көл пайда болады. Құрылыстың жалпы аумағы 200 мың шаршы метрден асады. Терең тарихымен танымал Түркістанның басты байлығы Қ. А. Яссауи кесенесінің маңында бой көтеріп жатқан бірегей жобада көне шаһардың көрінісі сақталған. Құрылыс жұмыстары алдағы қазан айында аяқталады деп күтілуде. Бұл – өткен жылдың қараша айында Стамбул қаласында өткен Қазақстан-Түркия инвестициялық форумы барысында жүзеге асқан жоба.

Түркістанды түркі әлемінің орталығына айналдыру және туризмді дамыту мақсатында Ясауи кесенесінің аумағындағы мәдени-рухани орталықта салынып жатқан "Яссауи" музейі, "Ұлы Дала елі" орталығы, драма театр, облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы,"Керуен" сарайы, Қолөнер шеберлері орталығы, Тұңғыш Президент саябағы, Қабылдау орталығы, Амфитеатр, Музыкалық субұрқақ, Неке сарайының құрылыстары өзіндік серпін берді. Сонымен қатар, өткен жылы кесенесінеде реставрация және айналасына абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары, Күлтөбе қалашығына археологиялық қазба, консервация жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасуда.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласында туристердің жайлылығы үшін "Rixos Turkestan", "Hampton by Hilton", "Innovation Central Asia" секілді заманауи қонақүйлер салынуда. Облыс әкімі шаһарда алғаш бой көтерген бес жұлдызды қонақ үй құрылысын аралап көрді. 120 орынға шақталған "RIXOS TURKESTAN" кешені 3 гектар аумақта бой көтерді. 6 қабаттан тұратын ғимаратта 3 бірдей мейрамхана, кинотеатр және іскер топ өкілдері үшін бизнес орталықтар жоспарланған.

 


Источник: zakon.kz

Поделиться:

Назад в категорию