Венгрия Түркі кеңесіне кіреді

Венгрия Түркі кеңесіне кіреді

Алматы, BAQ.KZ. Енді Венгрия Түркі кеңесінің ресми мүшесі болады. Бұл жайында Будапешт сауда-өнеркәсіп палатасы басқармасының мүшесі Ковач Йозеф Ташкентте өтіп жатқан Түркі бизнесі мен инвестициялық форумында айтты, деп жазды Курсив басылымы. 

Аталған жиынға Түркі кеңесіне мүше және бақылаушы елдерден 500-ден аса кәсіпкер қатысып жатыр. 

Венгрия 2018 жылдан бері Түркі кеңесінде бақылаушы мәртебесіне ие. 2019 жылдың 19 қыркүйегінде Будапештте кеңестің өкілдігі ашылды. Сол кезде Түркия Сыртқы істер министрі Меуліт Шауышоғлы  бұл қадам түркі әлемі мен Еуропа арасындағы бизнес әріптестіктің дамуына ықпал ететіндігін айтқан еді.

Түркі кеңесі 2009 жылы Әзірбайжанның Нахичеване қаласында құрылған. Кеңестің мақсаты мүше елдер арасында бизнес әріптестікті дамыту. Бертінге дейін оның мүшелігінде Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан  және Түркия болды. 2019 жылдың қыркүйек айында Өзбекстан Түркі кеңесін құру жөніндегі келісімді бекітті. 14-15 қазанда Бакуде өтетін кеңестің жетінші саммитіне Өзбекстан толыққанды мүшесі ретінде қатысады. 

5 қазан күні өткен Түркі іскерлік жиынында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының басқарма төрағасы Олжас Ордабаев  бұл саммитке Қазақстан да дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Саммит те негізінен шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі қаралмақ.

 


Источник: baq.kz

Поделиться:

Назад в категорию