«Үздік маман - 2019». Мұнайқұбыршылар - «ҚазТрансОйл» додасында

«Үздік маман - 2019». Мұнайқұбыршылар - «ҚазТрансОйл» додасында

Атырауда "ҚазТрансОйл" АҚ ұйымдастыруымен мұнайқұбыршылардың халықаралық «Үздік маман - 2019» байқауы жалғасын тапты. Дүбірлі дода Н.Шманов және Т.Қасымов атындағы мұнай айдау станциялары алаңында өтуде.

Сайыста Халықаралық мұнай тасымалы ассоциациясына мүше компаниялардың мамандары бақ сынайды. Атап айтсақ, қазақстандық «ҚазТрансОйл» АҚ, ресейлік «Транснефть», беларусиялық «Гомельтранснефть Дружба», украиндық «Укртранснафта», словакиялық «Транспетрол», венгрлік MOL және қытайлық CNPC – ірі мұнай тасымалдау компаниялары. Кәсіби мамандардың сайысында 44 қызметкер үш күн бойы «Үздік электргазбен дәнекерлеуші», «Үздік тауар операторы», «Үздік химиялық сараптау зертханашысы», «Үздік технологиялық құрылғыларды жөндеу слесарі», «Үздік бақылау-өлшеу құралдары және және автоматика слесарі», «Үздік электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету электромонтері», «Үздік мұнай айдау станциясының операторы» сынды сегіз аталым бойынша сынға түседі.

Сайысқа қатысушылардың саны жылдан-жылға жасарып келеді. Мәселен, биылғы қатысушылардың жетпіс пайызы жастардан құрылған. 

«Байқауды ұйымдастыру біз үшін үлкен мәртебе. Жеңістен де үмітіміз зор. Дегенмен конкурстық комиссия мүшелері барлық қатысушыларға тең қарайды. Бұра тартушылық болмайды. Нағыз өз ісінің шеберлері жеңіске жетуі керек», - дейді «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Орал Идырысов. 

Жарыста Қазақстанның намысын қорғау үшін «ҚазТрансОйл» компаниясының сегіз кәсіби маманы іріктелген болатын. Олар:

Айман Сисекенова – «Үздік химиялық сараптау зертханашысы» номинациясы бойынша – Құлсары мұнай құбыры басқармасының «Прорва» Мұнай айдау стансасының химиялық сараптау зертханашысы;

Үсер Дәрібай - «Үздік тауар операторы» номинациясы бойынша - Атырау мұнай құбыры басқармасының  Т. Қасымов атындағы мұнай айдау стансасының тауар операторы;

Антон Артюшенко - «Үздік мұнай айдау стансасының операторы» номинациясы бойынша – Павлодар мұнай құбыры басқармасы «Екібастұз» мұнай айдау стансасының операторы;

Рүстембек Жылкелдиев - «Үздік желілік мұнайқұбыршы» номинациясы бойынша – Құлсары мұнай құбыры басқармасының апатты қалпына келтіру пунктінің желілік мұнайқұбыршысы;

Рашид Бақтығалиев - «Үздік электргаздәнекерлеушісі» номинациясы бойынша - Атырау мұнай құбыры басқармасының өндірістік қызмет көрсету базасының   электргаздәнекерлеушісі;

Антон Ползяков - «Үздік электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету электромонтері» номинациясы бойынша - Атырау мұнай құбыры басқармасы релелі қорғаныш аппаратурасы және автоматиканы жөндеу жөніндегі электрмонтері;

Нұрмұханбетәли Лұқпанов - «Үздік технологиялық құрылғыларды жөндеу слесарі» номинациясы бойынша – Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының өндірістік қызмет көрсету базасының технологиялық құрылғыларды жөндеу слесарі;

Айдар Аманғалиев - «Үздік бақылау-өлшеу құралдары және және автоматика слесарі» номинациясы бойынша – Атырау мұнай құбыры басқармасы, автоматтандырылған басқару жүйесі телімнің бақылау-өлшеу құралдары және және автоматика слесарі.

Атыраулық Айдар Аманғалиев бұл бәйгеде озық шабатынына сенімді. Бұған себеп – алдын ала ыждағаттылықпен дайындалу. 

«Жалпы, біздің мамандығымыз қызыққа толы. Онда жүйелердің сан түрі бар. Қиындығы да жоқ емес, әсіресе, электр желілерін жүйеге келтіру күрделі жұмыстардың бірі. Бізге қызмет барысында орын алатын жағдайларға байланысты тапсырмалар да беріледі, сондықтан, оларды орындау қиынға соқпайды», - деді қатысушы. 

Ал қытайлық конкурсант Лу Вэйдонгтың айтуынша, бұл жарыстың ұйымдастырылуы жоғары деңгейде. 

«Әр тапсырманың өз ерекшелігі бар. Мысалы, бізге берілген міндеттемелер бойынша, резервуардан мұнай сынамасын алуымыз қажет. Бұл кәсібилікпен қатар, сапалы әрекетті, құрал-жабдықтарды дұрыс таңдауды талап етеді. Әр тапсырманы орындау үшін арнайы уақыт беріледі», - дейді.


Источник: baq.kz

Поделиться:

Назад в категорию